Патшалықтар 3-ж. 1
1
Адонияхтың патшалық билікті тартып алуға ұмтылуы
1Дәуіт патша қартайып, жасы ұлғайған кезінде үстіне көрпе жамылса да бойы жылымайтын болды. 2Сонда нөкерлері оған: «Уа, патша ие, сіздің қасыңыздан шықпай, күтім жасайтын бір пәк қызды тауып алып келейік! Ол қойныңызда жатып, денеңізді жылытсын», — деген ұсыныс жасады.
3Содан олар бүкіл Исраил елі бойынша сұлу қыз іздеп, Шунем қалашығынан Абисаға есімді қызды тауып, оны патшаға алып келді. 4Қыз өте сұлу екен, ол әрқашан патшаның жанында болып, оған күтім жасап қызмет етіп жүрді. Ал патша онымен жақындасқан жоқ.
5Сол кездері Дәуіттің Аггит деген әйелінен туған ұлы Адониях#1:5 Адониях Дәуіттің төртінші ұлы, оның шешесі Аггит болатын (Пат2 3:4). «Енді патша болатын менмін!» — деп кеудесін көтеріп жүрді. Ол өзіне соғыс күймелері мен аттарды#1:5 Немесе: салт аттыларды. және өзінің алдында жүгіріп отыратын елу адамды жинап алды. 6Адониях Дәуіттің Абессаломнан#1:6 Пат2 3:3; 13:22,28-29; 14:25; 15:10-16. кейін дүниеге келген өте келбетті ұлы болатын. Ал әкесі оны: «Не үшін осылай істейсің?» — деп еш уақытта жазғырған емес.
7Адониях қолбасшы Сарұя ұлы Жоғабпен және діни қызметкер Абиятармен ақылдасып сөз байласқан еді. Енді олар Адонияхты жақтап, оған қолдау көрсетті. 8Алайда діни қызметкер Садық, Еходай ұлы Бенаях, Натан пайғамбар, Шимей, Реги және Дәуіттің батырлары#1:8 Немесе: Шимей мен оның серіктері — Дәуіттің батырлары (Пат2 23:8-39). (Осындағы Шимей 2:8-де аты аталған буняминдік Шимейден басқа, Ела ұлы Шимей болуы ықтимал: 4:8.) Адонияхты қолдамады.
9Бір күні Адониях Ен-Рогел атты бұлақ көзінің жанындағы Жылан#1:9 Яки: Зохелет. жартасының маңына барып, сол жерде қой-ешкі, мүйізді ірі қара және бордақыланған өгізшелерді көптеп құрбандыққа шалғызды. Соған өзінің барлық ағайындылары — патшаның ұлдарын және патшаның қызметінде жүрген Яһуданың бүкіл адамдарын шақырды. 10Тек Натан пайғамбарды, Бенаяхты, патшаның батырларын және інісі Сүлейменді#1:10 Пат2 12:24. шақырмады.
Адонияхтың әрекеті жайлы хабардың Дәуітке жетуі
11Сонда Натан пайғамбар Сүлейменнің шешесі Барсабияға барып, былай деді:
— Аггиттің ұлы Адонияхтың патша болып алғанын естіген жоқсыз ба? Ал тақсыр иеміз Дәуіт бұл туралы хабарсыз. 12Енді өз өміріңізді және ұлыңыздың өмірін сақтап қалуыңыз үшін мына ақыл-кеңесіме құлақ сала көріңіз. 13Дереу Дәуіт патшаның алдына барып, оған былай деңіз: «Уа, патша ием, өзіңіз алдыңыздағы пендеңізге былай деп ант берген емес пе едіңіз: сенің ұлың Сүлеймен өзімнен кейін патшалық құрады! Менің тағымда отыратын сол болады! Ендеше Адониях неге патша болып алды?» 14Сіз осыны айтып тұрған кезіңізде мен кіріп келемін де, айтқан сөздеріңізді толықтырып растаймын.
15Сонда Барсабия патша жатқан бөлмеге кірді. Патша қатты қартайған екен, шунемдік Абисаға оған қызмет етіп жүрді. 16Барсабия патшаның алдында жерге дейін иіліп тағзым етті. Патша одан:
— Бұйымтайың не? — деп сұрады. 17Сонда әйел оған былай деп жауап берді:
— Уа, тақсыр ием, сіз маған: «Сенің ұлың Сүлеймен өзімнен кейін патшалық құрады! Менің тағымда отыратын сол болады!» деп Құдайыңыз Жаратқан Иенің атымен ант берген едіңіз. 18Алайда енді Адониях патша болып алды, ал сіз, патша ием, бұл туралы білмейсіз де. 19Ол мүйізді ірі қара, бордақыланған өгізшелер мен қой-ешкіні көптеп құрбандыққа шалғызды. Соған сіздің барлық ұлдарыңызды, діни қызметкер Абиятарды, әскер қолбасшысы Жоғабты шақырды. Бірақ ол қызметшіңіз Сүлейменді шақырмады.
20Уа, патша ием, сізге бүкіл Исраил халқы көз тігіп, өзіңізден кейін патша тағына кімнің отыратынын жариялауыңызды күтіп отыр. 21Әйтпесе сіз көз жұмып, ата-бабаларыңызға жөнелгенде, өзім де, ұлым Сүлеймен де қылмыскер деп саналамыз, о тақсыр ием.
22Барсабия осыны патшаға айтып тұрған кезде Натан пайғамбар келе қалды. 23Нөкерлері патшаға: «Натан пайғамбар келіп тұр», — деп хабарлады. (Сонда Барсабия бөлмеден шығып кетті.)#1:23 1:28. Пайғамбар патшаның алдына келді де, басын жерге дейін иіп тағзым етті. 24Содан соң ол былай деді:
— Уа, патша ием, сіз «Адонияхты өзімнен кейін патшалық құрады! Менің тағымда отыратын сол болады!» деп бұйырған ба едіңіз? 25Өйткені Адониях бүгін қала сыртында мүйізді ірі қара, бордақыланған өгізшелер мен қой-ешкіні көптеп құрбандыққа шалғызды. Ол күллі патшазадалар мен қолбасшыларды және діни қызметкер Абиятарды шақырды. Олардың барлығы оның қасында ішіп-жеп, «Адониях патша жасасын!» деп құттықтауда. 26Ал сіздің құлыңыз мені әрі діни қызметкер Садықты, Еходай ұлы Бенаяхты және қызметшіңіз Сүлейменді шақырмады. 27Уа, патша ием, бұл сіздің еркіңізбен болып отыр ма? Өзіңізден кейін кімнің таққа отыратындығы жайында қызметшілеріңізге неге ештеңе білдірген жоқсыз?
Сүлейменнің патшалыққа тағайындалуы
28Сонда Дәуіт патша: «Барсабияны осында шақырыңдар!» — деп бұйырды. Ол бөлмеге қайта кіріп, Дәуіттің алдында тұрды. 29Патша ант етіп былай деді:
— Барлық қиыншылық атаулыдан жанымды сақтап қалған мәңгі тірі Жаратқан Иенің алдында шын айтамын: 30Мен Исраилдің Құдайы Жаратқан Иенің атымен саған бұрын берген антымды бүгін-ақ жүзеге асырамын. Ұлың Сүлеймен өзімнен кейін патшалық құрады! Менің орнымды басып тағыма отыратын сол болады!
31Осыны естігенде Барсабия патшаның алдында басын жерге дейін иіп тағзым етті де:
— Тақсыр ием Дәуіт патшаның өмірі ұзақ болсын! — деп алғысын білдірді. 32Содан соң Дәуіт патша: «Діни қызметкер Садықты, Натан пайғамбарды, Еходай ұлы Бенаяхты қасыма шақырыңдар!» — деп әмір етті. Олар патшаның алдына келген соң, 33ол былай деп бұйырды:
— Патша нөкерлерін ертіп алыңдар! Ұлым Сүлейменді өзімнің қашырыма мінгізіп, Гихон бұлақ көзіне ылдилап алып барыңдар. 34Сол жерде діни қызметкер Садық пен Натан пайғамбар екеуің оны май жағу рәсімінен өткізіп Исраилдің патшасы етіп тағайындаңдар! Мұнан кейін кернейлеріңді тартып, «Сүлеймен патша жасасын!» деп дауыстап жар салыңдар! 35Содан оған еріп өрлеп қайтып келіңдер. Ол сарайыма кіріп, менің тағыма отырып, өзімнің орныма патшалық құратын болсын. Мен оған Исраил мен Яһуданың үстінен басшы болуды өсиеттедім. — 36Сонда Еходай ұлы Бенаях патшаға:
— Аумин. Патша иемнің Құдайы Жаратқан Иенің дегені болсын! 37Жаратқан Ие патша иеме жар болғандай, Ол Сүлейменге де жар бола берсін! Оның тағын патша ием Дәуіттің тағынан да жоғары қыла көрсін! — деп жауап берді.
38Содан соң діни қызметкер Садық, Натан пайғамбар, Еходай ұлы Бенаях және кереттік, пелеттік ұлан бөлімдері Сүлейменді патшаның қашырына мінгізіп, Гихон бұлақ көзіне ылдилап ертіп алып барды. 39Діни қызметкер Садық киелі шатырдан зәйтүн майына толған мүйіз құтыны алып келіп, Сүлейменге май жағу рәсімін жасап, оны патша етіп тағайындады. Кернейшілер керней тартып, сол жердегі күллі халық: «Сүлеймен патша жасасын!» — деп жар салды. 40Содан соң бүкіл халық оның соңынан еріп қалаға қайтып өрлеп бара жатты. Олар сыбызғы тартып, зор қуанышпен шаттанып, дауыстарынан жер сілкінгендей болды.
41Адониях пен оның жанындағы шақырылғандар қонақасыларын енді ғана бітірген кезде мұны олар да естіді. Жоғаб кернейлердің даусын естіп: «Қаладан шыққан бұл не айқай-шу?» — деп сұрады.
42Жоғаб осыны айта бергенде, діни қызметкер Абиятардың ұлы Жонатан келе қалды. Адониях оған:
— Кел, сен өзің батыл адамсың, алып келген хабарың да жақсы болар! — деді. 43Ал Жонатан оған былай деп жауап берді:
— Керісінше, тіпті де жақсы емес! Патша иеміз Дәуіт Сүлейменді патша етіп қойды! 44Патша онымен бірге діни қызметкер Садықты, Натан пайғамбарды, Еходай ұлы Бенаяхты, кереттік және пелеттік ұландарды жіберіп, олар Сүлейменді патшаның қашырына мінгізіп, 45Гихон бұлақ көзіне алып барды. Сол жерде діни қызметкер Садық пен Натан пайғамбар оған май жағу рәсімін жасап патша етіп тағайындапты. Содан олар зор қуанышпен мақтау айтып кері қайтты. Енді қала дүрлігіп соны тойлап жатыр. Өздеріңіз естіген айқай-шу солардікі.
46Сүлейменнің өзі қазір патшалық тақта отыр екен. 47Сонымен қатар патшаның нөкерлері патша иеміз Дәуітке кіріп, оны құттықтап былай депті: «Құдайыңыз Сүлейменді сіздің өзіңізден де атақты етіп, оның тағын сіздің тағыңыздан да жоғары қылсын!» Патша өзінің төсегінде иіліп тағзым етіп, 48«Исраилдің Құдайы Жаратқан Ие мадақталсын! Ол бүгін менің патшалық тағыма отыратынды тағайындап, маған соны өз көзіммен көруді бұйыртты» депті.
49Мұны естіген Адонияхтың шақырған қонақтары дірілдеп қорқып, өз жөндеріне бытырап кетті. 50Адонияхтың өзі де Сүлейменнен қорқып, бас сауғалау үшін киелі шатырға асығып барып, сондағы құрбандық үстелінің мүйіз тәрізді шошақтарынан жабыса#1:50 Күнәнің құнын өтейтін құрбандықтардың қанынан сол шошақтарға жағылатын. Адониях оларды ұстап алып, Құдайдан өзін рақымымен қорғауын өтінсе керек (Леу 4:7; Мыс 21:13-14). ұстап алды. 51Сонда Сүлейменге мына хабар жетті:
— Адониях сізден қорқып, құрбандық үстелінің шошақтарынан жабыса ұстап алды. Ол Сүлеймен патша маған бүгін ант етіп: «Мына құлымды семсеріммен өлтірмеймін!» деген уәде берсін деп өтінеді. — 52Сонда Сүлеймен:
— Мейлі, егер ол бұдан былай өзінің адал адам екенін танытса, онда басынан бір тал шашы да түспейді. Ал егер оның бойынан бір қулық-сұмдық табылса, ол өлім құшады! — деп ұйғарды.
53Содан Сүлеймен патша адамдарын жіберіп, Адонияхты құрбандық үстелінің қасынан алдыртты. Адониях Сүлеймен патшаның алдына келіп, басын иіп тағзым етті. Сүлеймен оны: «Үйіңе бара бер!» — деп жөніне жіберді.
Currently Selected:
Патшалықтар 3-ж. 1: КК 2010
Highlight
Share
Copy
Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in
© Киелі Кітап, Қазақша аудармасы және көркемделуі «Орта Азия баспасы ЖШС», 1993, 1996, 2000, 2010, 2015, 2021.